Сенат «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Аталған заңда бірнеше бірлескен әрекеттер алгоритмі қарастырылған. Олар - әскерді қолдануды бірлесіп жоспарлау, төнген қауіпке қарсы бірлесіп әрекет ету, әскери және жедел даярлықты бірлесіп жоспарлау, әскери білім мен ғылымды ортақтаса игеру, бітімгерлік күштердің құрамында бірлесе әрекет ету және тағы да басқа мәселелер.
«Бұл Заң жобасы жаңадан қабылданып отырған Заң емес. Мұның үлкен тарихы бар. Осындай Заң Ресеймен ең алғаш 1992 жылдың 25 мамырында қол қойылған. Одан бері көптеген өзгерістер болып өтті. 2013 жылғы 11 қарашада жаңадан шарт жасалған. Бүгінгі қарап отырған Заң 2020 жылдың 16 қазанында қол қойылған. Сондықтан бұл шарт бір-бірімен сабақтас», - деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхамед.
Сонымен қатар Сенат Еуразиялық экономикалық одақ ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру жөніндегі заңды қабылдады. Бұдан бөлек Энергетика вице-министрі Майнинг фермалардың нақты орналасқан жерін министрлік әлі анықтай алмай жатқанын жеткізді.
«Майнингтің, соның ішінде көлеңкелі майнингтің жүктемесі елдегі энергетика жүйесінің жоспарында болмаған. Қытай тыйым қойып еді, бәрі бізге келді. Біз тіпті олардың нақты қайда орналасқанын соңына дейін түсініп отырған жоқпыз. Проблеманың бәрі осында. Сондықтан таразылап шешім шығару маңызды», - дейді ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.