Екі жарым ай ішінде Арыстағы нысандардың 97 пайызы қалыпқа келтірілген
Түстен кейін Президент Арыстағы жойқын жарылыс кезінде ерлік көрсеткендер мен қаланы қалпына келтіруде ерен еңбек еткендерді мемлекеттік наградамен марапаттады. Олардың арасында балабақшадан 100 баланы жеке көлігімен алып шыққан 19-жастағы жүргізуші, екі ай бойы қаланы қайта көтеруге атсалысқан күрес жаттықтырушы мен оқыс оқиға кезінде жан аямай, күні-түні қызметте болған әскерилер мен дәрігерлер болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым - Жомарт Тоқаев жарылыстар Арыстың тыныштығын бұзғанымен, елдің рухы түскен жоқ деді марапаттау кезінде.
Ел тарихында ауқымына ұқсас төтенше жағдай болмаған Арыс қаласындағы жарылыстарды Президент Қасым - Жомарт Тоқаев бір сөйлеммен сипаттады. Ол Ақордада тиісті марапатын алуға келген қырық азаматымызға: «Арыс тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түскен жоқ» деді. Солай деді де, әрқайсысын жеке-жеке шақырып, екінші және үшінші дәрежелі «Айбын», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Шапағат» медальдарын ілді. Араларында әшейінде түр бермейтін әскерилердің өзі қатты қобалжығандарын байқатып жатты.
«Осыдан екі жарым ай бұрын Арыс қаласында болған жарылыстың елімізге қаншалықты ауыр тигенін жақсы білесіздер. Бұл төтенше оқиға тек Қазақстанның тұрғындарын ғана алаңдатып қойған жоқ. Алыс-жақын елдер де ниеттестік білдіріп, шынайы қолдау көрсетті. Халқымыз біртұтас ел болып, Арыс тұрғындарына қол ұшын берді. Әрбір облыс бұл қаланы қалпына келтіру жұмысына белсенді түрде атсалысты. 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Салтанатты жиыннан кейін марапатталғандар өз сезімдерімен бөлісті. Ерекше көзге түсіп, Президент қолынан сый алған, ең жас – 19 жастағы Асқар Әбдхалық болды. Дүмпу болатын күні ол ағасымен бірге Арыстағы балабақшадан 80 баланы қауіпсіз жерге жеткізген.
«Сонымен барған кезде дүмпу қатты бола бастады. үдей бастады. Балалардың бәрін апыр-топыр салып, сенікі-менікі демей, садиктың екі блогының бәрін тексердік. Ағам 50 баланы Шымкент қаласына жолға шықты. Артынан мен шықтым. Қалаға шығып, жолдар жабылып, жолға сыймай жатты», – деді «Ерлігі үшін» медалінің иегері Асқар ӘБДІХАЛЫҚ.
Екі ай бойы Арыста тегін қызмет еткен қарағандылық Евгений Хисметов те өз төсбелгісін алды. Есімін қалың жұрт білетін азамат неліктен бұндай қадамға барғанын түсіндірді.
Алдымен әлеуметтік көмекті мекенжайы бойынша тасыдым. Кейін су, азық-түлік бере бастағанда , шымкенттік жігіттермен таныстым. Олармен бірлесіп комиссия жарамсыз деген үйлерді сыруға көмектестім. Кейін таңғы 8-ден түнгі 11-ге дейін қоймаға жауапты болдым. Түнгі уақытта елдің жан-жағынан келген көмекті, құрылыс заттарын күтіп алатын едім. Осылайша 50 күн сонда болдым», – деді «Құрмет» орденінің иегері Евгений ХИСМЕТОВ.
«Шапағат» медалін президент қолынан алған медбике Әйгүл Қасымова сол күннің қалай өткенін есіне алды. Оның айтуынша, дәрігерлер күні-түні жұмыста болған.
«Сол күні жедел жәрдем тынбай келіп жатты. Қызметкерлер түгел жүгіріп, барлық күшін салды. Біз ота бөлімінде істегендіктен, науқастар түсіп жатты. Жарақаттанған, күйген науқастар да болды. Солардың барлығына көмегімізді аямадық», – дейді Шымкент қаласындағы облыстық ауруханасының медбикесі Айгүл ҚАСЫМОВА.
Ресми шарада әскерилер, полицейлер мен құтақарушылар да қалыс қалмады. Олардың арасында Дәулет Төретаев та бар. Ол сол күнгі жасаған ерлігін ел алдындағы міндетім деп біледі.
«Арыс қаласынан Монтайтас, Байырқұм бағытына бір көпір бар. Көпірден бір жол бар. Сол жердегі оңай өтуін қадағаладық. Қиын, қорқынышты да болды. Бірақ біз осы қызметке қабылданғанда мемлекет алдында ант бердік. Осы істеп отырған ісіміз марапат үшін емес, біз өз міндетімізді атқардық», – деді Түркістан облысы Полиция департаментінің Арыс қаласындағы полиция бөлімінің аға лейтенанты Дәулет ТӨРЕТАЕВ.
Екі жарым айдан кейін Арыстағы нысандардың 97 пайызы қалыпқа келтірілген. Мұны президент айтты. Ол сондай-ақ жиын соңында қиын-қыстау кезеңде болған, «Арыспен біргеміз» акциясына ден қойып, қол ұшын созған қазақстандықтарға алғысын білдірді.