Билікке жаңадан келетін депутаттар сөз бен істің бірлігін, теория мен практиканы және заң мен әділеттілікті ұштастыра білуі керек. Еліміздің зиялы қауым өкілдері Президенттің күні кеше Мәжіліс депутаттарын тарату туралы жарлығына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бізге нақты іс керек. Нақты нәтиже керек. Нақты мәселелер шешілуі керек. Мен ойлаймын, келе жатқан жаңа сайлау, жаңа Мәжілістің қалыптасуы, осыған қолғабыс тигізеді. Шәкәрім «Қозғалыс, қозғалысқа керек қолғабыс» деп айтқан ғой. Реформа дегеніміз – қозғалыс. Соған қолғабыс болатын жаңа Парламент Мәжілісі сайлануы керек», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Хангелді Әбжанов.
Саяси науқан тәртібіне келсек, депутаттардың 70 пайызы партиялық тізім бойынша, ал 30 пайызы бір мандаттық аумақтық округтер бойынша сайлауға түседі. Филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов айтуынша, Мәжіліске өз ісінің білгірі, іскер, тәжірбиелі мамандардың барғаны маңызды.
«Аймақтарда жаңа күштер бар. Солар аймақтардың мәселесін, экономикасын өркентеду, халықтың жағдайын жасау, солардың үнін көтеретін, солардың жан айқайын білдіретін жаңа депутаттар келетін болса, Парламенттің жаңаша ағысы болып қалыптасады ғой деп ойлаймын», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.