|
Saıasat
02.07.2020 | 20:22

«Тарихи тұлға тағылымы»: Тәуелсіз елдің төл т​​арихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға

Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы

«Тарихи тұлға тағылымы»: Тәуелсіз елдің төл т​​арихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға presidentlibrary.kz

Елбасы – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Тұңғыш Президенті жайында жариялаған мақаласында осылай деген. Осы күнге дейін егемен еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып, әлем алдында мерейімізді үстем етіп келген ұлт көшбасшысына арналған «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаланың мән-маңызы зор. Онда Елбасының жасаған батыл қадамдары, сүбелі еңбектері жан-жақты ашылып жазылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен алғашқы қадамдардың бірі Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы. Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты айдай әлемге ядролық қарудың құрбаны ретінде танылды. Тұңғыш президенттің игі бастамалары әлем қауымдастығы тарапынан жан-жақты қолдауға ие болды. Тарихымыздың осы бір жарқын сәтіне Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында  ерекше көңіл бөлген.

«Сол бейбітшілікті Елбасы да 1-орынға қоя отырып, ядролық қарудың көзін жойып, бүкіл дүниежүзіне үлгі болды. Бұл – үлкен сабақ. Біз үлкен геополитикалық, географиялық тұрғыда... жеріміз ішкі саясатқа байланысты өте қиын. Себебі оң жақты Қытай, сол жақта Ресей, ар жағы Америка. 3 үлкен мемлекеттің арасында тіл табысып, елімізде тыныштық сақтап, көпұлтты елде ешқандай соғыс болмауы – сол кісінің арқасы деп ойлаймын», – деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Нұрлан Жазылбеков.

Биыл алғашқы жартыжылдықтың Қазақстанға оңай тимегенін айта келе, Президент індетпен күрес жүргізуде Елбасының мұрындық болуымен жүзеге асырылып жатқан жалпыхалықтық «Біз біргеміз» акциясының үлесін ерекше көрсетті. Бұл игі бастама Нұрсұлтан Әбішұлының халықты мемлекеттік мүддеге жұмылдырушы тұлға екенін тағы да айқын танытты. Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің ел экономикасына да әсер етпей қоймағанын жеткізді. Президенттің бұл мақаласына түрлі сала мамандары тарапынан жан-жақты баға берілуде.

«Ол өте маңызды мақала деп ойлаймын. Біріншіден, біздің елімізде, біздің билігімізде сабақтастықтың бар болғаны. Өйткені сабақтастық пен еліміздің тыныштығы – осы пандемия кезінде, экономикалық-әлеуметтік дағдарыс болып жатқан кезде өте маңызды», – деді «Қазақстан Республикасының кооперативтері мен басқа да экономикалық қауымдастық формаларының ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Қазыбек Шайх.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ғана білім саласында атқарған еңбегі орасан зор. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастар еліміздің жоғары қызметтерінде еңбек етіп, ел мәртебесін биіктетуге сеп болып жүр. Бұл – білім мен ғылымды дамыту, ел экономикасы мен келешегі жолындағы нақты қадам делінген мақалада.

«Озық елдердің озық тәжірибесін елімізге қалай әкелуге болады дегенде, осы «Болашақ» бағдарламасын ойлап тапты. Ол кезде біздің экономикалық жағдайымыздың қандай екенін бүкіл дүйім жұрт білетін. Соған қарамай, жастарды арнайы жіберіп, оқытып, қазір соның жемісін жеп отырмыз», – деді Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова.

Қазақстанның ұлттық мүддесін сыналап енгізе білген Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастады. Және бұл биікке қажырлы еңбегімен, парасат-пайымымен, маңдай терімен жетті.

«Қазақстан халқымен бірге істеген жұмысы әрдайым бағаланып, әрі қарай елдің аузында жүре берсін дегім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы – тарихи тұлға. Ол кісі тарихи тұлға болып, біздің тарихта қалады», – деді ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов.

Елбасының арқасында Қазақстан интеграциялық үдерістерге ашық ел ретінде танылды. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы сынды халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі әрі бастамашысы ретінде еліміз аймақаралық, мемлекетаралық қарым-қатынастарға қатысып жүр. Елбасының ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясы да ел дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болды.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы

‡агрузка...