«Үйлестіруші мемлекет» деген ұғым пайда болды
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында «Үйлестіруші мемлекет» деген ұғым пайда болды. Яғни, қиындыққа тап болған ел ұйымнан көмек сұрап, сарбаздардың іс-қимылына, техникалық жабдығына жауап береді. Бүгін Мәжіліс қабырғасында осыған қатысты бірнеше заң қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Мәжіліс отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алғаннан кейін мінберге Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов шықты. Ол Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы арқылы келісімдер мен хаттамаларды ратификациялау туралы бірқатар заңды оқыды. Енді ұйым құжатында «үйлестіруші мемлекет» деген ұғым пайда болады. Яғни, сол ел бітімгершілік миссияларға қатысуға және ұйымдастыруға жауапты болады. Ал оны ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды. Біздің депутаттарды «Қазақстан бітімгерлері «үйлестіруші мемлекеттің» шақыртуымен қарулы қақтығыс болып жатқан жерге тартылып кетпей ме?» деген мәселе алаңдатады.
– Үйлестіруші мемлекет ұжымдық қауіпсіздік кеңестен бітімгерлерді шақыруға рұқсат алады. Кеңес өз кезегінде ол елге қандай көмек керек екенін айқындайды. Егер біздің азаматтарға қауіп төндіретін болса, Қазақстанның заңына қайшы келетін болса, онда біздің сарбаздар бітімгерлік миссияға қатыспайды. Оның үстіне, сарбаздарды мұндай миссияға жіберу-жібермеуді Парламент шешеді, – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше Ресейдің Украинамен қақтығысып жатқанына бір жылдан асты. Қаңтар оқиғасы кезінде ұйымға мүше мемлекеттен Қазақстанға жүздеген сарбаз келіп, әлеуметтік нысандарды қорғаған еді. Енді Ресей біздің әскерилерді осы ұйым келісімі аясында бітімгерлікке шақырса, мәжілісмендер жібермейтінін кесіп айтты.
– Бұл – бөлек мәселе. Мәлесен, террористік шабуыл болып жатса, «Әл-Каида», «Талибан» келіп жатса, біздің көмектесетініміз анық. Ресейге мен білсем, шетелден ешкім басып кіріп жатқан жоқ. Өздерінің мәселесін өзі шешсін. Қақтығысты бастаған кезде бізбен ешкім ақылдасқан да жоқ, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Бүгін Мәжіліс депутаттары ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі заңды қабылдады. Құжат бойынша тараптар келісілген әскери-техникалық саясатты жүргізеді. Бұл саясат әскерді қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгісімен, материалдық құралмен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мәжілісмендер құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңды да қабылдады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана