Вьетнамға сапарында Тоқаев жергілікті кәсіпкерлерді қабылдады
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға барып, ресми сапары аясында 12 құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақорданың хабарлауынша, Президенттің Вьетнамға ресми сапары тамыздың 20-сынан 22-сіне дейін жоспарланған. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ханойға ұшып келді. Оны Вьетнам Президенті кеңсесінің жетекшісі Ле Кхань Хай және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қарсы алды. Ресми сапар Ба Динь алаңындағы Ұлт қаһармандары монументіне гүл шоғын қоюдан басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам елінің ұлттық көшбасшысы Хо Ши Миннің мавзолейіне де барды. Гүл шоғын қойып, ол рәсімге Қазақстанның ресми делегациясы да қатысты. Осыдан кейін Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонг Мемлекет басшысын Президент сарайында қарсы алды. Қос елдің мемлекеттік әнұраны шырқалып, президенттер келіссөз залына өтті. Жиын барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Вьетнамға сапарында Тоқаев жергілікті кәсіпкерлерді қабылдап, Премьер-министр Фам Минь Чиньмен де кездесті.
– Бүгін таңертең Президент Во Ван Тхыонгпен өте нәтижелі келіссөз жүргіздім. Біз көптеген саладағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін өте маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік. Бірлескен коммюнике қабылдап, онда жан-жақты ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттарын айқындадық. Сондай-ақ Вьетнам кәсіпкерлерімен кездесу өткіздім. Олардың Қазақстан нарығындағы қызметін қолдауға дайынмын, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен кездесті. Басқосуда Қазақстанның екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында 12 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Қазақстан мен Вьетнам арасындағы визасыз режимге қатысты келісім де бар.
Оразай Нұртайұлы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы