Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Құрманбай Назарбаев университеті ашылғанда арнайы шақыртумен елордаға Алматыдан қоныс аударған
«Бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматы – жұмақтың көшірмесі іспеттес». Назарбаев университетінің профессоры, ғалым Гүлтас Құрманбай осылай дейді. Ол елорда ұлттың мақтанышы, мәртебесі деп санайды. Ал, қос шаһармен тағдырын байланыстырған жазушы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сайлау алдында қазақ тілінен емтихан алғанын өмірінің ең бақытты сәттеріне балайды.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Құрманбай Назарбаев университеті ашылғанда арнайы шақыртумен елордаға Алматыдан қоныс аударған. Бүгінде іргелі оқу орнына айналған білім ордасында шәкірт тәрбиелеп жатқан ұлағатты ұстаз. Қазақ руханиятының дамуына өзіндік үлес қосқан ғалым. Екі мәрте Президент сайлауында лингвистикалық комиссияның құрамында болып, Елбасының жоғары бағасын алды. Нұрсұлтан Әбішұлы: Мен бұл кісіні жақсы танимын. Қазақ тілінің аристократтық тіл екенін осы кісіден естідім. Гүлтас Сайынқызынан дәріс алғым келеді», – деп ғалымның еңбегіне жоғары бағасын берген.
«Мен Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан 2015 жылы Президенттік сайлауға қайта түскенде ол кісіден емтихан алуға мүмкіндігіміз болды. Ол кісі жай уақытта басқа ғой. Бірақ сол емтихан үстінде әңгімеде ол кісінің бүкіл арманын өз аузынан естігенде, шынымен де, Астана қаласына деген көзқарас, пікіріміз тұрақтанған сияқты болды. Өйткені ол кісінің сөзінде, жүзінде осы қалаға, осы елге деген махаббат болды», – деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Құрманбай.
Гүлтас Сайынқызының балалық шағы Алатаудың баурайында, Қаратаудың қойнауында Күреңбел деген ауылда өтті. Студенттік шағы, еңбек жолы, саналы ғұмыры Алматыда жалғасты. Ұлттық университетте қазақ тілі кафедрасын басқарды, Қазақстан-Британ техникалық университетінде қызмет етті. Назарбаев университеті ашылған кезде шақыртумен елордаға қоныс аударды. Сондықтан бас қалаға келмес бұрын көп ойланып, шырайлы шаһарды қимай келдік дейді.
«Әрине, басында Алматыны қимай, келгім келмей... солай болған жағдай бар. Өйткені, Алматы – бұл жаныңның бір жұмағы сияқты қала ғой. Өйткені ол қала ғана емес, адамның өмірінің естелігі. Сондықтан Алматыны қиып кету өте қиын болды, әрине. Алматы – ол арыстардың ізі қалған жер. Алматы – ол ұлылардың тұлғасы қалған жер. Алматы – Мұқағалидің өлеңдері әрбір тауында, жапырағында тұнып тұрған секілді. Сондықтан Алматыны сүймеу мүмкін емес», – деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Құрманбай.
Дегенмен Нұр-Сұлтанды бір көргеннен жанымен жақсы көріп қалғанын жасырмайды. Елорданың көрікті шаһарға айналуына Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ел астанасының ажарлы, мәртебелі болуы үшін сәулетіне, сәніне мән берді. Бүгінде бас қала басқа астаналардан сонысымен ерекшеленеді, дейді кейіпкеріміз.
«Тарихты адам жасайды. Сондықтан осы қаланың тарихын жасаған Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы. Барлық нәрсе жайдан-дай туа салмайды. Бұл қала – ол кісінің арманынан туған қала. Сондықтан астана-арман қала деп жатады. Әрбір ғимаратта сол кісінің жанының қалауы, жанының жылуы бар деп ойлаймын... Қазіргі кезде экономикалық жағынан болсын, саяси жағынан, білім ғылым жағынан болсын, елдің мақтанышына айналды», – деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Құрманбай.
Міне, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің қайраткері, Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы атанған Гүлтас Құрманбай қос қалаға деген махаббат тең. Екеуінің де жарқын болашағына сенім зор дейді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы