Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті. Тараптар одаққа мүше мемлекеттердің интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытудың жай-күйі мен перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ресми кездесуге Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь және Қырғызстанның Үкімет басшылары келді. Сондай-ақ, қатысушылар арасында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев та бар.
- Қазақстан транзиттік көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән береді. Соңғы 15 жылда еліміз осы мақсаттарға 35 млрд доллардан астам қаржы бөлді. Ляньюньган қаласында логистикалық орталық, «Қорғас» құрғақ порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі іске қосылды. Каспий теңізінің «Құрық» және «Ақтау» порттарына жаңғырту жүргізілді, - дейді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше 5 ел электрондық сауданы дамытуды қолға алды. Ол үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын талқылады. Және макроэкономикалық ахуалды және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.
Оқи отырыңыз: 106 мектепте буллингке қарсы жұмыстың финдік моделі енгізіледі – Әлихан Смайылов