2024 жылдың 1 қыркүйегінен 106 мектепте буллингке қарсы жұмыстың финдік моделі пилоттық режимде енгізіледі. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық білім беру ұйымдары нұсқаулыққа (2022 жылғы 30 наурызда Оқу-ағарту министрлігінің № 117 бұйрығымен бекітілген) сәйкес қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандырылады. Бүгінгі таңда нұсқаулықтың талаптарына сәйкес келетін білім беру ұйымдары 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен (бейнебақылау камералары, жедел басқару орталығына қосылу, дабыл түймелері мен турникеттерді орнату, сондай-ақ күзет агенттіктерімен шарттар жасасу) жабдықталған. Жұмысты біркелкі және сапалы ұйымдастыру үшін барлық білім беру ұйымдарына зорлық-зомбылыққа, буллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі жеткізілді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Оның мәліметінше, үздік әлемдік тәжірибені зерделеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында буллингке қарсы жұмыстың финдік моделі енгізіледі.
«Осы мақсатта Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында Турку университетімен (Финляндия) бірлесіп, 8 мыңнан астам мұғалімді оқыту жоспарлануда. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап республиканың 106 мектебінде бағдарламаны пилоттық режимде енгізу жүзеге асырылатын болады. Оқушылар арасында алдын алу шараларын күшейту үшін әр мектепке ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер (барлығы 6,5 мың қызметкер) қатарынан полиция қызметкерлері бекітілді. 2023 жылы 14 мыңнан астам алды алу іс-шарасы өткізілді», - деді Әлихан Смайылов.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы баспасөз қызметкерлерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады