Президент алдымен халықаралық әуежайда болып жатқан қайта жөндеу жоспарымен танысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келді. Бүгін ел Президенті бірқатар нысандарды аралап, қаладағы эпидемиологиялық жағдаймен танысты. Маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қарқынына баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыға жұмыс сапарымен келген Президент алдымен халықаралық әуежайда болып жатқан қайта жөндеу жоспарымен танысты. Ірі нысанды сатып алған түркиялық компания өкілдері жаңа терминалдың құрылысы жайлы айтып берді. 55 мың шаршы метр болатын терминал жобасының құны 150 миллион еуроны құрайды. Терминал жылына 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Аталған нысанның құрылысы 2022 жылдың 2-тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. Оған қоса, Мемлекет басшысына Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолы қиылысында салынатын жолайрығы көрсетілді.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусты жылдам анықтауға арналған алғашқы жылжымалы тест орталығына барды. Әл Фараби даңғылы бойында орналасқан мобильді пункт Оңтүстік Кореяның технологиясы бойынша жұмыс істейді. Ерекшелігі сол - келген адам көліктен түспей-ақ ПТР тестін тапсыра алады. Ал нәтижесі келесі күні-ақ электронды поштаңызға келеді. Бұл коронавирусты анықтаудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы дейді мамандар. Жалпы, орталыққа алдағы аптада Алматыға 50 мың кешенді тест әкелмек.
«Мобильді зертхана болғандықтан кезек күту деген жоқ. Дәрігер мен келушілер арасында қарым-қатынас азаяды. Сондықтан қауіпсіз деп айтсақ та болады. Осындай әдіс Америка, Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Наурыздан бастап реагенттің 20 мыңы қолданды. Екі аптада соң тағы 50 мыңдай тест әкелінеді. Біздің зертхана қазіргі таңда күніне бір жарым мыңға дейін тест жасай алады. Келесі аптадан бастап қуаттылығымызды арттырып, 3000 мың анализді жасай аламыз», - деді Мобильді тестілеу орталығының жетекшісі Мин Хи СУК.
Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына қаладағы эпидемиологиялық ахуал жайында есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесіп, оларға қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Президент бүгінгі Халықаралық медбикелер күнімен құттықтады.
«Пандемия - шын мәніндегі соғыс. Бүкіл әлем пандемияға қарсы соғыс жариялады. Француздарда «Соғыстың аты - соғыс» деген сөз бар. Біз жұдырықтай жұмылсақ, пандемияны жеңе аламыз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Әрі қарай Президент Бас ботаникалық бақты аралап көрді. Қайта жөндеу жұмыстары жасалып жатқан бақ пен жалпы қаланың экологиялық жағдайы жайлы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады. Құрылыс жұмыстарын жасауды мойынына алған қор баққа 175 мыңға жуық жаңа өсімдік түрін әкелген. Тамшылай және автоматтандырылған суару жүйесін іске қосқан. Жобаның жалпы құны 15 миллион доллар.
«Ботаникалық бақ - алматылықтар мен қазақстандықтар үшін, әсіресе осында туып-өсіп, жастық шағын өткізгендер үшін танымал жер. Жөндеу жұмыстары жақсы жасалыпты. Енді бұл бәрінің сүйікті демалыс орындарының бірі болары сөзсіз. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер жүргізетін орын екенін естен шығармау керек. Алматы тұрғындарын мұндай байлықты сақтауға, оған өз үйіндей қарауға шақырамын», - деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Еліміздің мақтанышына айналған Алматыдағы Ботаникалық бақ сирек кездесетін, түрі жоғалып бара жатқан өсімдіктерді өсіріп, жасыл қорды сақтаумен айналысады. Дәл мына жерде Іле Алатауының баурайында өсетін өсімдіктің түрлері бар. Табиғатты қорғап, ғылыми зерттеумен айналысатын бақта ерекше коллекция жасалған. Онда жоғалудың аз алдында тұрған, Қызыл кітапқа енген 200-ден астам өсімдіктің түрі бар.
Енді бар жағдай жасалған Ботаникалық бақ өзге елдерден келетін өсімдіктерді жерсіндірумен айналысуды жалғастырады. Оған қоса, елдегі жасыл желек қорын дамытумен әрі қарай айналыса бермек.
«Енді біздің коллекция қайта жасалған инфрақұрылымның арқасында одан сайын дами түседі. Осыған дейін, өсімдіктерді суару қиындық туғызып келген. Қайта жаңғырудың арқасында тіршілік нәрін алу үшін Кереңбұлақ өзеніне және әрқайсысының тереңдігі 280 метр болатын қос ұңғыма жасалды. Жаңадан жасанды үш тоған жасадық. 1300-ден астам ағаш егілді. Алуан түрлі өсімдіктер өсетін аумақтың қауіпсіздігін 130 шақты камера бақылайды. 2017 жылы біздің Ботаникалық бақ Алматыны жасыл қала ететін өсімдіктер түрін жасап шықты. 200-ден астам өсімдік түрі тез өсіп, шаһардың ажарына көрік қосады», - деді Ботаника және фито жерсіндіру институтының бас директоры Гүлнәр СИТПАЕВА.
Сондай-ақ ел президенті келесі жылы ашылатын әлеуметтік қызмет көрсету үйіне барды. Бұл мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, тіршілік жағдайымен жүгінген азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әр түрлі салада қызмет көрсетеді. Мемлекет басшысы мұндай орталық ашу бастамасын қолдап, халыққа көмек көрсету жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы