Алматыдағы Достық үйінде Әзірбайжан мен Армения елдерінің арасында келіссөз өтті. Кездесуге екі елдің Сыртқы істер министірлері қатысты. Ал Қазақстан екіжақты бейбітшілік келісімдеріне алаң ұсыну арқылы әлемдегі татулық қарым-қатынастарына әрдайым арағайын болуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер процесінің маңызын атап өтіп, кездесудің символдық мәні бар екенін айтқан болатын. Себебі дәл осы жерде 1991 жылдың желтоқсанында ТМД елдерінің шекарасын анықтау қағидаларын айқындайтын тарихи құжатқа, яғни Алматы декларациясына қол қойылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, қазақстандық тарап алдағы кездесу екіжақты уағдаластықты іске асыруға негіз болатынын атап өткен болатын. Достық үйі ұзақмерзімді бейбітшілік келісіміне ұйытқы болатынына сенім білдіреміз. Оңтүстік Кавказда берік және ұзақ мерзімді татуластық түгел Еуразияның геостратегиялық тұрақтылығының кепілі болатынына сенімдімін, – деді ҚР СІМ Мұрат Нұртілеу.
Уағдаластыққа сәйкес, Әзірбайжан мен Арменияның Сыртқы істер министрлері арасындағы келіссөз бір күнге созылады. Ведомство басшылары сөздерін Қазақстандық тарапқа алғыс айтудан бастады. Кездесудегі негізгі тақырып «Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы» болды. Бұл екі ел өкілдерінің осы мәселеге қатысты бірінші кездесуі емес. Екі тарап та келіссөздердің нәтижелі болатынына сенім білдірді.
– Армения мен Әзірбайжан арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру бейбіт келісімді дайындаудың маңызды бір процесіне айналды. Соңғы кездесу 2 ай бұрын болған. Бейбітшілік процесін ілгерілету бағытындағы қолдауы мен белсенділігі үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірем, – деді Әзірбайжанның СІМ Джейхун Байрамов.
– Келіссөздің Алматыда, осы ғимаратта өтіп жатқаны қуантады. Бұл жердің тарихи маңызы зор. Алматы декларациясына 1991 жылы қол қойылған болатын. Сол кезде шекараларды айқындайтын құжатқа 11 республика қол қойған. Оның ішінде Армения мен Әзірбайжан да бар, – деді Арменияның СІМ Арарат Мирзоян.
Айта кетейік, Армения мен Әзірбайжанның келіссөздеріне Қазақстан ұйытқы болып, Мемлекет басшысы екі тарапқа ұсыныс білдірген болатын. Елдер арасындағы бейбітшілік келісімі барлық тараптарға оң әсерін беріп, Еуразия аймағындағы сауда-экономикалық жағдайды нығайтпақ.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда ақылы тұрақ аймағын кеңейту қажет – сарапшы