Орталық Сайлау комисиясының сайтында барлық ақпарат қолжетімді
Алда өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы ашық әрі әділ өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саясаттанушы Самат Нұртазаның пікірі. Оның сөзінше, бәсекеге түсіп жатқан 6 партияның барлығына тең мүмкіндіктер қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Орталық Сайлау комисиясының сайтында барлық ақпарат қолжетімді. Бұқаралық ақпарат құралдарымен де партиялар тығыз қарым-қатынас орнатқан.
«Сонымен қатар, тағы бір айтып кететін жағдай, БАҚ-та да барлығына бірдей жағдай жасалған. «Нұр отан» партиясы болсын, «Ауыл», «Ақжол», «Адал» ОСДП, бұрынғы коммунистік партия болған «Халық» партияларының штаб пәтерлеріне БАҚ емін-еркін кіріп, сұрақ қойып, олар ашық түрде жауап беріп, жалпы ашық диалог жүріп жатыр. Мұны біз көріп жатырмыз», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде де партиялар үшін ешқандай шектеу қойылмаған, дейді саясаттанушы.
«Әлеуметтік желіде әр партияның өзінің платформасында не ұсынады, халыққа қандай уәде береді, несін өзгерткісі келеді, барлығы да айтылып көрсетілген. Сондықтан да менің ойымша, келе жатқан сайлау бұл ерекше, таза, адал сайлау болады деп есептеймін», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.