Праймериз нәтижесі бойынша 78 адам партиялық тізімге енгізілген
«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы атынан іріктелген 7 кандидат елімізде қордаланған өзекті мәселелерді шешуге зор үлес қосады. Мұндай пікірді қоғамдық кеңес өкілдері мен белсенді азаматтар білдірді. Олардың сөзінше, өткізілген дебат барысында кандидаттар мәселені нақты шешудің тетіктерін ұсынған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қоғамдық праймериз алматылықтардың ерекше қызығушылығын тудырып, қаланың 8 ауданынан 223 үміткер қатысуға ниет еткен. Ал дауыс беру кезеңінде 199 партия мүшесі қатысты. Праймериз нәтижесі бойынша 78 адам партиялық тізімге енгізілді. Олар мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатыса алады. Ал Мәжіліс деупаттаттығына 13 адам арасында дебат өтіп жоғары рейтинг жинаған 7 адам таңдалды. Қоғам белсенділері партия атынан Мәжіліске барып бақ сынайтын 7 үміткер еліміздегі өзекті түйіндердің шешілуіне зор үлес қосады деген пікірде.
«Басталғаннан Преймеризді қадағалап отырдық. Нәтижесі дұрыс болады деп праймеризге сендік. Кешегі нәтижеде 7 кандидат болғанын жақсы білеміз. Өте беделді, білімді азаматтар өтіп жатыр. Сондықтан да бүгінгі Праймериздің дұрыс өткенін кандидаттарға қарап біліп отырмыз», – деді қалалық Қоғамдық кеңестің президиум мүшесі Нұрлан Жазылбеков.
Қалалық кәсіподақтар орталығының төрайымы Зәуреш Өмірбаева праймеризде түрлі әлеуметтік мәселелер көтерілгенін айтады. Әсіресе, жастардың жұмыссыздығы, қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау сияқты сұрақтарды шешуге нақты бағдарлама дайындаған кандидаттар болды дейді.
«Барлығы лайықты деп ойлаймын. Неге десеңіз, Праймериздің бірінші кезеңі де, екінші кезеңі де бәрі ашық өтті. Сайлауда әрбір азамат үлкен дауысқа ие болды. Шешімдер қабылдауға, сындарлы ұсыныстар жасауға қабілетті, азаматтық ұстанымын көрсете алатын, қамқор азаматтарға арналған мүмкіндік болды», – деді «Алматы қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева.
Праймеризге қатысушылардың ішінде шағын және орта бизнес өкілдері 50 пайызды құраған. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсенділік танытқан.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы