Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі заңның аясында Үкіметтен 88 өкілеттік министрліктерге берілмек. Аталған мәселе бүгін Мәжілісте талқыланды. Осы реттегі заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Айгүл Шайманова таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өкілеттіктерді қайта бөлу бізге не береді?» дегенге тоқталсақ, ең алдымен Үкімет салалардағы саясатты қалыптастыруға баса назар аударатын болады. Мемлекеттік органдардың қабылданған шешімдер үшін дербестігі мен жауапкершілік деңгейі артады. Сондай-ақ оларды қабылдаудың жеделдігі арттырылады», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айгүл ШАЙМАНОВА.
Вице-министрдің сөзінше, бұдан былай типтік құжаттарды салалық ведомстволар бекітеді. Мәселен, экология министрлігінде заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттама құру құқығы пайда болмақ. Тәртіп сақшылары тергеу изоляторларындағы адамдардың есебін жүргізеді. Ал өңірлер енді жол белгілерін орнатумен, әлеуметтік қамтамасыздандырумен айналысатын болады. Аудандарға келетін болсақ, олар жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің қозғалыс сызбасын жетілдіріп, ұйымдастыруға жауапты болмақ.
«Функцияларды қайта бөлу мемлекеттік басқарудың сапасын жоғарылатуға бағытталған. Үкіметті ықшам, мобильді әрі жаңа технологияларды қолданатындай ету үшін қолға алынып отырған шара. Штаттар қысқартылады деп күтілуде. Ал үнемделген қаржы мемлекеттік қызметкерлерді көтермелеу үшін бонустық жүйені енгізу үшін қалады. Қызметкерлерді қалыптастыру биылғы жылдың желтоқсанына дейін жүргізіледі», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина УНЖАКОВА.