Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысатын саяси партиялардың тізімі бекітілді

06.11.2020 в 03:33

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов айтты

Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысатын саяси партиялардың тізімі бекітілді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, елімізде 6 саяси партия тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Бүгінде барлық саяси партиялар заңнама аясында қызметін жүргізеді. Сонымен қатар, саяси партиялар Мәжіліс депутаттығына әрбір кандидат үшін 637 мың теңге жарна енгізетіні белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, бұған дейінгі Мәжіліс сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 7 және одан көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын енгізуден босатылған.

«Мәжіліс депутаттағына кандидаттардың партиялық тізімін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясының есепшотына ҚР заңнамасымен бекітілген ең төменгі жалақының 15 еселенген көлеміндегі сайлау жарнасын партиялық тізімге қосылған әрбір тұлғаға енгізеді. Партиялық тізімге қосылған әрбір тұлға үшін сайлау жарнасының мөлшері 637 500 теңге», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.