Қ. Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде модератор болады

31.03.2021 02:46

Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады

Акорда

Ертең, яғни, 31 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 17:00-де онлайн форматта Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

«Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізеді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады», –деді Б. Уәли.

Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты Декларация қабылданады деп жоспарланып отыр.