Елімізде партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Өңір-өңірде саяси ұйым мүшелері тұрғындармен кездесіп, өзекті де өткір тақырыптарда басқосулар ұйымдастырып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызу жалғасуда. Өңір-өңірде саяси ұйым мүшелері тұрғындармен кездесіп, өзекті де өткір тақырыптарда басқосулар ұйымдастырып жатыр. Саяси тартысқа түскен партия өкілдері сапалы білім беру, қолжетімді медицина, ғылым саласы мен ұлттық ойын түрлерін дамыту, кәсіпкерлерді салықтан босату сынды мәселелерді көтеріп, сайлауалды бағдарламаларын халыққа таныстырды.  

Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғындарымен кездескен Қазақстан халық партиясының өкілдері медицина, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Жастардың сапалы әрі қолжетімді білім алуы да партияның сайлауалды бағдарламасына енген.

«Әлемде орын алған жағдайға байланысты бірінші кезекте денсаулық мәселесін көтердік. Сапалы және қолжетімді медицина саласы, оның барлығының қандай жағдайда орын алғанын бәріміз білеміз. Ақсу қаласында, Павлодар облысында жаз айларында өте қиын жағдай болды. Осыған байланысты осы мәселені көтеріп отыр денсаулық саласында», – деді Қазақстан Халық партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Нұрболат Теміров.

Өз кезегінде Nur Otan партиясы білім және ғылым саласын дамыту мәселелерін қаузады. Белсенділер оқушылардың үйірмелерге баруына мемлекет тарапынан жағдай жасап, бюджеттен әр бала үшін қаржы бөлу қажеттігін айтты. Одан бөлек, ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін секциялардың санын арттыру туралы ұсыныстарын білдірді.

«Осы уақытқа дейін балалар үйірмелерге ақылы түрде барса, енді спортқа, спорттық секцияларға, шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік тапсырыс арқылы жан басына шаққанда қаражат қарастырылып отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі Динар Нүкетаева.

«Ауыл» партиясы өздерінің кезекті үгіт насихат жұмыстарын халқымыздың ұлттық ойындарымен ұштастырды. Қыз қуу, аударыспақ сынды ежелгі ойындар арқылы еліміздің мәдениеті мен дәстүрі кеңінен насихатталды.

«Алда болатын сайлауға қатысты біз талай жұмыс жасап жаырмыз. Қазақ атамыздың салт дәстүрі бойынша біздің керемет ойындарымыз бар қыз қуу деген жарыстар бар түрлі түрлі. Рухымызды, біздің қазақтың түбімізді көрсін деп өткізіп жатқан шараларымыз бар», – деді  «Ауыл» партиясының Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Махамбет Хасенов.

«Ақ жол» демократиялық партиясы шағын және орта кәсіпкерлік иелерін салықтан босатуды талап етуде. Осылайша саяси ұйым мүшелері кәсібі ақсап қалған кәсіпкерлердің тірлігін қайта жандандыруына бұл зор мүмкіндік туғызбақ. Одан бөлек, партия шағын және орта кәсіп иелерінің барлығына несиелерді мемлекеттің қаражаты есебінен сибсидиялауды ұсынып отыр.

«Кездесудің мақсаты – пандемия жағдайында әсіресе зардап шеккен кәсіпкерлік саласының өкілдеріне көмек көрсету. Бүгін мына сауда ойын-сауық орталығына келгеніміздің себебі де сол. Көптеген ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, шағын және орта кәсіпкерлік иелеріне қолдау көрсету мәселелерін талқылап жатырмыз», – деді  «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі Асқар Бисқұлтанов.

«Адал» партиясы атынан саяси додаға түскен үтімкерлер сайлауалды бағдарламасын Ақтөбеде таныстырды. Халықпен кездесуде тұрғындардың проблемалық мәселелері талқыланды. Оның ішінде қаржының аймақтар арасында теңдей бөлінуі, зейнетақы жүйесіндегі өткір мәселелер әңгімеге арқау болды.  

«Минималдық зейнетақысы өте төмен. Бір көпбалалы ана айтады, менде 8 бала бар. 1 балаға 3 жыл саналады зейнет мерзімі. Сонда неге заң бойынша менің 4 балама 12 жыл саналып отыр, ал қалған 4 балама есептелмей отыр. Механизмнің проблемалары көп болып тұр. Соның бәрін біз рет-ретімен шешуіміз керек», – деді  «Адал» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Ләззат Шыңғысбаева.

Айта кетейік, үгіт насихат науқаны 2021 жылдың 9 қаңтарына дейін жалғасады. Ал кандидаттарға дауыс беру 10 қаңтар сағат таңғы 07.00-ден кешкі 20:00-ге дейін жүреді. Сайлау нәтижесі 1 апта көлемінде белгілі болады.  

Сая Меңдеке, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров