|
16.08.2021 | 23:15
1620

Әлем назары Ауғанстанға ауды: тәліптер тәртіп орната ма

Тәліптер Ауғанстанда соғыс аяқталғанын жариялады

Тәліптер Ауғанстанда соғыс аяқталғанын жариялады. Мұны «Әл-Жазира» телеарнасы эфирінде «Талибан» қозғалысы саяси кеңсесінің ресми өкілі Мұхаммед Наим мәлімдеді. Оның айтуынша, жақын арада елдегі басқару формасы бекітіледі. Талибан өкілі ауғандар мен елдегі дипломатиялық миссиялар қауіпсіз өмір сүретініне кепілдік беретінін айтты. Ал, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады, деді. Оны Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли жеткізді. Ал, енді Ауғанстанда басқару жүйесі қалай өзгеруі мүмкін? Қазақстандық саясаттанушылардың пікірін тыңдаған Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Әлем назары Ауғанстанда. «Талибан» қозғалысының содырлары Ауғанстанның маңызды әрі ірі қалаларын бәрін басып алды. Президенті Ашраф Ғани елден кетті. Үрейленген мыңдаған адам Ауғанстан астанасынан қашуға мәжбүр. Ұзақ жылдар бойы соғыстан көз ашпаған Ауғанстан билігіне талибандардың келуін біздің сарапшылар былай пайымдайды.

«Нәтижесінде көп уақыт созбай қалған мемлекеттер дүниежүзілік қауымдастық бұл режимді мойындайды бірінен кейін бірі. Менің ойымша, осы бір жылдың ішінде Талибан мемлекетін біраз мемлекеттер мойындап қояды... Президенті қайта келмейді. Өйткені тәліптердің артында Пәкістан тұр. Оның үстіне халықтың кейбір бөлігінде тәліптер келсе, тәртіп болады деген стеоротип бар Ауғанстанда», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Тәліптердің осылай бірден билікке келуін ешкім күтпеді, дейді Қазақстанның Ауғанстандағы экс-төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов. Сарапшалыр АҚШ әскерлері кеткен соң қазіргі жүйе сақталады деген тұжырым жасаған. Алайда...

«20 жыл ішінде өзгерістер болғаны рас. Әлеуметтік, білім, мәдениет, өзге де салаларда өзгерістер болды. Бірақ жүйе донор мемлекетке сеніп қалса керек. Ішкі тәртіп болмады. Жемқорлық, ұлтаралық, діниаралық қақтығыстар, әділетсіздік басқару жүйесін әлсіретті», – деді Қазақстанның Ауғанстандағы экс-төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов.

Қазір мыңдаған ауған босқындары АҚШ-тың әскери базаларына орналастырылған. Өз кезегінде АҚШ Қорғаныс министрлігі 30 мың босқынды уақытша баспанамен қамту жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ал, тәліптер ауғандар мен елдегі дипломатиялық миссиялар қауіпсіз өмір сүретініне кепілдік береміз деп отыр.

«Біз 20 жыл бұрын елімізде басталған бұл соғысты аяқтадық. Біз ауған басшысымен диалогқа дайынбыз және оларды қорғауға кепілдік береміз. Қозғалыс басқа мемлекеттермен де байланысын сақтайды және халықаралық қоғамдастықтың қорқынышын сейілтуге дайын», – деді «Талибан» қозғалысы саяси кеңсесінің ресми өкілі Мұхаммед Наим.

Қазір Ауғанстанда Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ҚР СІМ Ауғанстанның 70 000 азаматын қабылдау туралы желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты екі рет кеңес өткізді. Жиында Ауғанстандағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Асылбек Тойбек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир