АЭС құрылысына қатысты келіссөздерде ел мүддесі ескеру қажет – Президент

26.09.2025 18:11

Ғалымдармен кездесуде Мемлекет басшысы Цифрландыру ісіне де ерекше назар аударды

«Атом электр стансасы құрылысына қатысты келіссөздерде еліміздің мүддесін ескеру қажет». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында осылай деді. Президент елдің энергетикалық қауіпсіздігін және дербестігін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет дегенді тілге тиек етті. Түрлі саладағы жобаларды табысты жүзеге асыру үшін де электр энергиясы жеткілікті болуы қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауы тиіс екенін ескертті. Президенттің айтуынша, ядролық энергетиканың негізін қалау – ауқымды жалпыұлттық міндет. «Атом генерациясы ең таза қуат көздерінің бірі саналатынына қарамастан, АЭС құрылысында барлық экологиялық норманы сақтау – басты талап» деді Мемлекет басшысы. Азаматтардың бір бөлігінде радиофобия барын да назарға алып, одан арылу үшін кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтты.

«Таяуда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу бойынша жұмыстар басталды. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент өз сөзінде елімізде аталған салаға қажетті сирек кездесетін металдар жеткілікті екенін еске салды. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады деді. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалып, тиісті талдау жүргізілуі тиіс екенін нақтылады. 

«Екінші, үшінші атом станциясын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Қытай Төрағасымен кездесуде біз осы мәселені талқыладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытындағы ықпалдастығын күшейте береді. Қытайдың өзінде алдағы он бес жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ. Шығыстағы көршіміз – осы саладағы жетекші мемлекеттің бірі», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғалымдармен кездесуде Мемлекет басшысы Цифрландыру ісіне де ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланы дамыту азаматтарымыздың тұрмыс сапасын едәуір жақсартатынын айтты. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканы жан-жақты жаңғырту жуырдағы Жолдауының өзегі болғанын да еске салды. Бұған қоса, басқосуда президент мемлекеттік саясаттың негізгі мақсат-міндеттері жайындағы ойын бөлісті.

«Менің негізгі миссиям – қазіргі алмағайып кезеңде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлеуметтік-экономикалық дамудың берік іргетасын қалау. Бұл туралы ұдайы айтып келемін. Менің барлық шешімім осы өзекті міндеттерді іске асыруға бағытталған», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатқанын жеткізді. Президенттің мәліметінше, бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция көлемі 5 есе өсіпті. Зерттеу университеттері көбейіп, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді екен. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынған.

Гүлмарал Изатқызы, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі жылу беру маусымына дайындықты қатаң бақылауды тапсырды