Агроөнеркәсіп, атом энергетикасы, цифрлық технология: Қазақстан мен Сербия серіктестікті нығайтпақ

27.02.2026 16:55

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндік бар

Ақорда

Президент бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Келіссөз барысында жасанды интеллектіні және заманауи цифрлық технологияны жаппай енгізу стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өттік. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндік бар.

– Біз агроөнеркәсіп кешеніндегі әріптестікті жандандыруға мүдделі екенімізді білдірдік. Соның ішінде өсімдік, тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтамыз деп келістік. Сербиялық «Mambikom Agrar» компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниет танытып отыр. Бұл қадам аграрлық сектордағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ біз мәдени-гуманитарлық, білім беру және туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келесі жылы Сербияның ЭКСПО көрмесін табысты өткізуіне еліміздің тілектес екенін жеткізді.

Бұл ретте Қазақстан «EXPO 2027 Belgrade» көрмесіне қатысып, өз тәжірибесін бөлісуге дайын.

– Жалпы, бүгінгі келіссөздер өте табысты болды. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Жан-жақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Осы келісімдердің нәтижесінде екі елдің қарым-қатынасы нығая түсетіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ тараптар халықаралық және аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

– Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы – ұқсас. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқық нормаларының талаптары қатаң сақталуға тиіс. Кез келген жанжалды келісім арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз болашақта да халықаралық деңгейде күш біріктіріп, тиімді жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп келістік. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. Бұған қос тарап та мүдделі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бірлесіп әрекет етсек, ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Александр Вучич Қазақстанның экономикасы дамып, көпвекторлы сыртқы саясат табысты ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі