Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөйлеген сөзінде айтты
Президент Кореяның іскерлік топ өкілдеріне Алатау қаласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан дәйекті шаралар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа орталық озық өнеркәсіп салалары пен инновация шоғырланған урбанистік және экономикалық хабқа айналуды көздейді.
"Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, екі елдің серіктестігін ілгерілететін перспективті бағыттардың бірі — қаржы секторы. Сондай ақ ол ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің де маңызына назар аударды.
"Біздің өнімдеріміз әлемнің 70-тен аса еліне тасымалданады. Біз Кореяға жеткізілетін бидай, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдерінің, бал және басқа да жоғары сапалы тауарлардың экспорт көлемін ұлғайтуға әзірміз. Сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін Кореяның технологияларымен біріктіріп, агроөнеркәсіп саласындағы қосылған құн тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз. Тамақ өнеркәсібінде ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Lotte Қазақстанның танымал шоколад брендтерінің бірі «Рахат» компаниясына инвестиция салғаны белгілі. Бұл кореялық бизнестің біздің нарықтағы ұзақмерзімді кәсібіне жарқын мысал бола алады. Біз аталған ықпалдастықты жоғары бағалаймыз және табыстарымыз еселене береді деп сенеміз", — деді Президент.
Оқи отырыңыз: Кореяның Қазақстанға салған инвестициясы 12 миллиард доллардан асты - Мемлекет басшысы