Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты Чехияға сапармен келуге шақырды

29.04.2026 15:28

Мемлекет басшысы бұл ұсынысты ықыласпен қабыл алды

Ақорда

 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергиясы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас тек экономикамен шектелмейтіні, ортақ тарихи оқиғалар мен мәдени-гуманитарлық байланыстарға негізделетіні жайында айтылды.

Мемлекет басшысы қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіруді көздейтін бірегей жобаға атсалысқаны үшін чехиялық әріптестеріне ризашылығын білдірді.

Президент Өңірлік экологиялық саммитте бұл бастаманы еліміздің биоалуантүрлілікті сақтау саласында жеткен жетістіктерінің бірі ретінде атаған болатын.

Премьер-министр Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мәселесіне Чехияның екіжақты деңгейде және Еуропа Одағы аясында ықпал етуге ниетті екенін жеткізді.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру үшін жобалар тізімін әзірлейді.

Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Чехияға сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты ықыласпен қабыл алды.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді