Баян-Өлгейде Қазақстан консулдығы ашылатыны белгілі болды
Астана-Ұлан-батыр және Өскемен-Өлгей бағытындағы тікелей әуе рейтері қайта жанданбақ. Аталған бастама бүгін Қазақстан мен Моңғолия президенттерінің жүздесуінде талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақордада қос тарап президенттері шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізді. Соның ішінде, екі елді байланыстыратын төте автокөлік жолын салу жайы да сөз болды. Бұдан бөлек, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге де басымдық берілді. Сондай-ақ Қазақстан тарапы елімізде білім алуға ниетті моңғол жастарына әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда. Құрметті Президент мырза, Сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар келелі кездесуде Баян-Өлгейде Қазақстан консулдығы ашылатыны белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді бауырлас халықтар арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтатын маңызды қадам ретінде бағалады. Өз кезегінде Моңғолия Президенті бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді. Оның сөзінше, Қазақстан - Монғолия үшін Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі.
Айта кетейік, былтыр қос тарап арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға артып, 130 миллион доллардан асты.
«Араға 20 жыл салып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніме қуаныштымын. Сіздің 2 жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл оқиға – тарихта алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Құрметті Президент мырза! Сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті», – деді Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух
Оқи отырыңыз: Моңғолия Президенті «Алтын қыран» орденімен марапатталды