Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Иордания Королін қарсы алды

27.08.2025 12:00

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. 

Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Иордания Королі мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты. 

Қазіргі уақытта Мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстан-Иордания бизнес форумына қатысады.

Оқи отырыңыз: «Қазсушардың» техника паркі 31%-ға жаңартылды