Шикізат жеткізуден де ауқымды: Тоқаев Германияға жаңа серіктестiктi ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен ресми сапармен Германияға барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
2026 жылғы 29 қыркүйекте немістің «Handelsblatt» басылымында Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды. Төменде Қазақстан Президенті мақаласының толық мәтіні ұсынылады.
Бiз Германияға стратегиялық маңызды материалдар саласында өнiктестiктi ұсынамыз
Қазақстан Еуропа үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіреді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге өндірістің және қосылған құн құрудың бірлескен тізбегін құруды ұсынады.
Саясатта да, экономикада да сенім – бұл капитал, ал сенімділік – оның ең жоғары формасы. Өсіп келе жатқан халықаралық турбуленттілік жағдайында қарым-қатынастың дәл осындай сипаты ерекше құндылыққа ие болады.
Үш онжылдықтан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Германия өзара сенімнің қомақты капиталын жинақтап, конструктивті саяси диалогпен, уағдаластықтарды іске асырудағы жүйелілікпен және нақты нәтижеге деген берік ұмтылыспен ерекшеленетін стратегиялық серіктестіктің сенімді қаңқасын құрды.
Қазақстан үшін Германия – жай ғана негізгі сауда серіктесі әрі ірі инвестор емес. Бұл – бізді ортақ экономикалық мүдделер мен халықаралық құқыққа деген бұлжымас адалдық біріктіретін мемлекет.
Бүгінде біздің өзара іс-қимылымыз екіжақты күн тәртібі шеңберінен әлдеқайда тыс шығады. Ол Азия мен Еуропа арасындағы маңызды жалғаушы буынға айналып, бүкіл еуразиялық кеңістікте экономикалық орнықтылықты, энергетикалық қауіпсіздікті және көліктік өзара байланысты нығайтуға елеулі үлес қосуда.
Ынтымақтастықтың берік тірегі ретінде терең адамгершілік байланыстар қызмет етеді. Бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс, ал Германияда елімізден шыққан бір миллионнан астам адам тұрады. Ортақ тарихи зерде мен мәдени дәстүрлер халықтарымызды жақындастыра түседі.
Дәл осы іргетас бізге болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Сондықтан өзімнің Германияға қазіргі сапарымды, ең алдымен, стратегиялық серіктестігіміздің жаңа тарауын ашуға, жаңа өсу нүктелерін айқындауға және бірлескен жұмысқа қосымша қарқын беруге мүмкіндік ретінде қарастырамын. Бұл үшін барлық қажетті алғышарттар бар. 2025 жылы өзара сауда көлемі 9 млрд долларға (7,9 млрд еуро) жуықтады. Қазақстанда германиялық капиталдың қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Бұл ретте айтарлықтай әлеует қазақстандық экспортты әртүрлілендірумен және жоғары қосылған құны бар өнім өндірумен байланысты.
Біз Германия нарығына өңделген өнімнің 80-нен астам түрін қосымша жеткізе алар едік.
Ең үлкен мүмкіндіктер металлургияда, мұнай-химияда, тамақ өнеркәсібінде және теміржол машинатануында шоғырланған. Критикалық минералдар саласында күш-жігерді біріктіру де өте өзекті болып табылады.
Энергетикалық өту және цифрландыру үшін стратегиялық ресурстар
Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіріп үлгерді. Олардың арасында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Бұл материалдар энергетикалық өту, машинатану, өнеркәсіптік өндіріс, микроэлектроника, цифрлық технологиялар үшін қажет.
Біз германиялық серіктестерге жай геологиялық барлау мен өндіруден бастап өңдеуге, компоненттер шығаруға және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі толық өндірістік тізбектерді бірлесіп құруды ұсынамыз.
Қарым-қатынастарымызда энергетика ерекше орын алады. Қазақстан Еуроодақтың мұнай импортының шамамен 13%-ын және табиғи уран жеткізілімінің 20%-ын қамтамасыз ете отырып, Еуропаға энергоресурстарды сенімді әрі тұрақты жеткізуші ретінде өзін танытты. 2025 жылы Германияға мұнай жеткізу көлемі 10 млн тоннадан асты.
Біз қолда бар көліктік мүмкіндіктерді ескере отырып, бұл миссияны одан әрі де жауапкершілікпен орындауға дайынбыз.
Жаңартылатын энергетикада, электр желілерін модернизациялауда және энерготиімділікті арттыруда үлкен келешек ашылуда. Экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту Шығыс пен Батысты жалғайтын сенімді көлік бағдарларын талап етеді.
Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға жүктердің құрлықтағы транзитінің шамамен 85%-ы өтеді – бұл өткен жылдың қорытындысы бойынша шамамен 40 млн тонна.
Транскаспий халықаралық көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы қатынас мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша бұл дәліз арқылы тасымалдау 22%-ға артты, ал Шығыс – Батыс бағыты бойынша транзит көлемі 55%-ға өсті.
Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірлерді Каспий порттарымен тікелей байланыстыруға және Қытай – Еуропа бағдарын 1 000 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз жылдам жолдар құрып, неміс бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз.
Тағы бір маңызды бағыт неміс компанияларын еліміздің аумағы арқылы әуе жүк тасымалдарына белсенді түрде тарту және Қазақстанда әуе хабтарын дамыту болуы мүмкін.
Қазақстан мен Германия мүмкіндіктерінің синергиясы
Бүгінгі таңда тауарлардың қозғалысы деректердің қозғалысымен тығыз байланысты. Сондықтан цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу қазақ-неміс ынтымақтастығының тағы бір перспективті бағыты болуға тиіс.
Білікті мамандарсыз ешқандай стратегия табысты болмайды. Серіктестігіміздің болашағын германиялық стандарттар бойынша білім алған және білімін бірлескен кәсіпорында қолданатын жас қазақстандық инженердің бейнесі сипаттайды.
Уақыт сынынан өтетін тәсілді инвестициялық шешімдер де талап етеді, бұл мемлекеттік институттарға деген сенімсіз мүмкін емес.
2019 жылдан бастап Қазақстан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы бұл негіздерді жүйелі түрде нығайтып келеді.
Сыртқы саясатта Қазақстан өзара құрметке, мемлекеттердің егеменді теңдігіне және халықаралық құқықты сақтауға негізделген теңгерімді және прагматикалық бағытты ұстанады, бұл елімізді сенімді әрі болжамды серіктеске айналдырады.
«Einigkeit macht stark» – «Күш – бірлікте», – дейді неміс мақалы. Бұл даналық Қазақстан мен Германияның мүмкіндіктері бірін-бірі үйлесімді түрде толықтырып отырған біздің өзара іс-қимылымызда шынайы көрініс табады.
Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, елдеріміз Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен гүлдену кеңістігін бірге нығайта түсетініне сенімдімін.