Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі
Еліміз бүгінге дейін шетелден 400 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартқан. 2029 жылға қарай тағы 150 миллиард доллар шамасында қаржы әкелу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған жиында 22 елдің сарапшысы, оның ішінде жетекші мамандар, дипломаттар мен зерттеушілер бас қосты. Президент мұндай диалог алаңдары климаттың өзгеруі, көші-қон және азық-түлік дағдарысын қоса алғанда, жаһандық сын-қатерлердің шешімін бірлесе іздеу үшін қажет екенін атап өтті.
«Аталған жаһандық проблемалар бәрімізді толғандырады және оған төтеп беретін шараларды бірлесе іздегеніміз жөн. Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске ат салысуын зор мәртебе санаймыз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Армения президенттері «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды