Қазақстан мен Ресей 20 құжатқа қол қойды

Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылдың өзінде елімізге 4,5 миллиард доллардан көп қаражат құйылған. Осы қарқын сақталса, өзара сауда-саттық 30 миллиардтық межеге жетпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік кооперацияда айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін айтып, жалпы сомасы 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылғанын жеткізді. Қазіргі кезде инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар тарихында Қазақстан да тұңғыш рет Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің санатына қосылғанын мәлімдеді.

"Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 23 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі шетел капиталының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы. Қазақстанның бірқатар аймағына көгілдір отын жеткізу, Ресей энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын ауқымды бастамалар ретінде қарастыруға болады. Алдымызда негізгі күрежолдарды дамыту арқылы транзит әлеуетін барынша пайдалану міндеті тұр", – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге әлеуетті екенін айтты. Мәселен таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ Қазақстан жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отыр. Ел ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуды көздеп отыр.  Мемлекет басшысы тараптарды келесі жылы бірлесе атқаратын көптеген жұмыс күтіп тұрғанын, 2025 жыл мол мүмкіндікке бастау болатынын айтты.

"Біршама ортақ жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мұның пайдасын азаматтарымыз да, екі елдің кәсіпкерлері де сезінетініне сенімдімін. Келесі жылы қаңтарда маңызды мемлекетаралық құжаттардың бірі – Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. 2025 жылы басқа да мерейтойлар бар. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және "Байқоңыр" ғарыш айлағының 70 жылдығы. Осы айтулы даталарға орай екі елде мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік. Екіжақты күн тәртібі нақты бастамалармен және жаңа мазмұнды жобалармен ұдайы толығып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді. Владимир Путиннің айтуынша, жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді.

Біз саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегиялық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді", – деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

Қос елдің президенттері мен екі мемлекеттің делегациялары 20-ға жуық құжатқа қол қойды. Олардың арасында, өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасы, автомобиль және теміржол өткізу пунктерін дамыту, экономикалық ынтымақтастық сияқты келісімдер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, осы сапардың оң нәтижесі екі елдің одақтастық қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Елордада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталды

Новости партнеров