Еліміз Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады

15.05.2026 18:26

Мемлекет басшысы Ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді

Ақорда

Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Еліміз Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады»  деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі. Бүгінде біздің Ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді. Осы орайда Қазақстан Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз «Алтай сұхбат алаңы (диалогі)» форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық.  Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады. Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болу қажет деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді. 

«Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр.
 Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық.  Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң.  Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», - деді Президент. 

Оқи отырыңыз: Президент: Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет