Фин компаниялары Қазақстандағы жұмысын кеңейтуге ниетті - Финляндия президенті

Президенттер келіссөзі барысында 15 құжатқа қол қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі». Елордаға ресми сапармен келген Финляндия президенті осылай деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл – Александр Стуббтың Мемлекет басшысы ретінде елімізге алғашқы ресми сапары. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады.

Президенттердің кездесуі екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөзге жалғасты. Оның шеңберінде 15 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану бағытындағы ынтымақтастық, су ресурстарын басқару мәселелері, "Бурабай" курортында туризмді дамыту жөніндегі меморандум және Қазақстанда экологиялық ауылды дамыту жобасы жөніндегі өзара түсіністік туралы құжаттар бар.  

«Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бұл менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік», - деді Финляндия президенті Александр Стубб.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Финляндия президенті Александр Стуббпен келіссөз жүргізді

Новости партнеров