Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдады

03.12.2025 17:38

Министр Президент Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде баяндады

пресс-служба Акорды

Президентке еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарын жүзеге асыру барысы жөнінде баяндалды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Светлана Жақыпова халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтты. Бүгінгі таңда азаматтарды жұмыспен қамту бойынша 2029 жылға дейінгі жоспардың 83 пайызы орындалған. Соңғы бес жылда 2,7 миллион адам еңбекке тартылды. Сапалы жұмыс орындарын көптеп ашу үшін өңірлік жол картасы мен жыл сайынғы KPI іске асырылуда. Министр биылғы 10 айда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 30 пайызға азайғаны жайында ақпарат берді.

Өндірістік жарақаттану көрсеткіші 6,5 пайызға, ал қайғылы оқиғалар салдарынан болған өлім-жітім 4,5 пайызға төмендегені де атап өтілді. Ұсынылған дерекке сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілген, 27 мың азамат инватакси көмегіне жүгінген.

Сонымен қатар, Светлана Жақыпова биыл базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғайтылғанын жеткізді. Жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индексациялау жүргізіледі. Жұмыс беруші тарапынан төленетін міндетті зейнетақы жарнасының мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсіп, 2028 жылға қарай 5 пайызға жетеді. Жұмыспен қамтылған халықтың 65 пайызы жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары саналады.

Министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде баяндады.Министрлік мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған Бірыңғай цифрлық платформа құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл мұқтаж азаматтарға нақты көмек көрсетуге және қолдау шараларының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Президент жұмыспен қамту сапасын жақсартуға, әлеуметтік қолдау тетіктерін одан әрі цифрландыруға, еңбек қатынастарындағы қауіп-қатерлердің алдын алу шараларын күшейтуге, зейнетақы жүйесін және көші-қон саясатын жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Оқи отырыңыз: Президент мәдениет, ақпарат және жастар саясатын дамыту бойынша тапсырма берді