Президент корейлердің Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жылдығын атап өтуді ұсынды

16.09.2026 11:19

Президент Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Чо Чжон Шикке ілтипат білдіріп, оны Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері болып сайлануымен құттықтады. Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен болған келіссөздердің нәтижесіне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

– Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды. Біз екіжақты ықпалдастығымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея парламентінің өкілдеріне елімізде мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді.

– 1 шілде күні халқымыз жаппай қолдаған Конституция заңды күшіне енді. Бұл тарихи уақиға Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерісіне тың серпін береді деп ойлаймыз. Екі палаталы парламенттің орнына жаңа бір палаталы құрылым келді. Вице-Президент лауазымы пайда болды. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталды. Оған қоса конституциялық мәртебесі бар бірегей консультативтік орган – Халық Кеңесі жұмысын бастады. Мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құру, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды.

– Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай тереңдей түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы арасындағы байланыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осындай байланыстарды Құрылтай депутаттары белсенді түрде дамыта бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екіжақты қатынастардың жекелеген аспектілеріне де назар аударды.

– Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. Қазақстанда Корея капиталы бар мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Көптеген маңызды салада бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымыздың тамыры тереңде. Қазақстанда шамамен 120 мың корё-сарам қауымы, яғни этникалық корейлер тұрады. Олар халықтарымыз арасындағы достықтың «алтын көпірі» десек, артық болмайтын шығар. Өзіңізге белгілі, келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Бұл – тарихи уақиға. Екі мемлекет бірлесіп, осы айтулы межені жоғары деңгейде атап өтуіміз керек, – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады

Толық көрсету