Энергетика және технология: Қазақстан мен Түркия әріптестікті кеңейтпек

14.05.2026 17:48

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саудасын ұлғайтатын жол картасын әзірленеді

Ақорда

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен келіссөз кезінде энергетика кешеніне қатысты мәселелерге ерекше тоқталғанын жеткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

– Мұнай-газ нарығындағы жағдайды ескере отырып, осы бағыттағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаластық. Turkish Petroleum Corporation компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Біз мұны құптаймыз. Еліміз ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі. Сонымен қатар біз тау-кен саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отырмыз. Түрік компанияларының кен орындарын игеру, металды қайта өңдеу және құйма өндірісі саласындағы тәжірибесі мол. Осыған орай, бауырлас елдің кәсіпкерлерін еліміздегі ірі жобаларға белсене атсалысуға шақырдым. Тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар біз Түркия Президентімен жақын арада ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға арналған Жол картасын қабылдауға келістік. Бұл қадам дәнді-дақыл экспортын арттыруға ықпал етеді. Түркияның заманауи агротехнологияны кеңінен қолданып жатқаны белгілі. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ақпараттық технологияларды дамыту, экономиканың түрлі саласында озық цифрлық тәсілдерді қолдану – заман талабы.

– Жуырда мен Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Мұны еліміздің болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деуге болады. Нақтырақ айтқанда, біз білім беру жүйесін әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне баса мән беріп отырмыз. Қазақстан жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Бұл бағытта екі ел кәсіпкерлері бірқатар табысты жобаларды жүзеге асырды. Әсіресе, қазақ-түрік цифрлық платформаларын атап өткен жөн. Мұның бәрі екі елдің цифрлық сауда саласындағы ықпалдастығын одан әрі күшейтері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі.

– Бұл маңызды мәселе әрдайым назарда болады. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше. Бүгін Газиантеп провинциясындағы жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтар үшін Қазақстанның атынан салынған жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті. Бұл – қазақ халқының түрік еліне көрсеткен қолдауы мен ыстық ықыласының айқын көрінісі. Сапар аясында тиісті министрліктер Астана мен Алматыда екі мектеп ашу туралы меморандумға қол қойғанын айрықша атап өткен жөн. Осы мектептер саналы ұрпақ тәрбиелейтін іргелі білім ордасы ретінде қызмет етеді деп сенемін. Бұл мектептердің құрылысына тиісті жер телімдерін беру жөнінде тапсырма берілді. Көп созбай құрылысты бастаймыз. Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық та табысты дамып келеді. Қазір 14 мыңға жуық азаматымыз Түркияда оқып жатыр. Сондай-ақ 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркияның Гази университетінің филиалы жұмыс істей бастайды. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда филиал ашуды жоспарлап отыр. Біз бұл игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, медицина, туризм саласындағы байланысымызды нығайта береміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасында өзара құрмет пен сыйластыққа, бауырластық пен достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанына назар аударды.

– Бұл – Президент Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасы екені сөзсіз. Режеп бей екі елдің бірлігін бекемдеуге айрықша үлес қосуда. Сондай-ақ қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-түрік ықпалдастығын күшейтуге мол еңбек сіңіріп келеді. Сондықтан мен қадірлі досым, бауырым Режеп Тайип Ердоғанды түркі әлемінің рухани көсемі – Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттадым. Мұны барша қазақ елінің түрік жұртына және Түркия Президентіне деген зор құрметінің көрінісі деуге болады. Ердоған мырза осы беделді награданың тұңғыш иегері екенін ерекше атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Түркия президентімен кездесу: Мемлекет басшысы баспасөз конференциясын өткізді