Президент Халық Кеңесі мен Құрылтайдың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді

24.09.2026 11:50
Акорда

Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың құзыреттері бөлек екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, екі институт бір-бірінің қызметіне араласпай, керісінше өзара ықпалдастықта жұмыс істеуі қажет.

«Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды.

Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ.

Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек.

Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі институттың ортақ мақсаты – ел мүддесіне қызмет ету екенін айтты. Сондай-ақ заң жобаларын әзірлеу кезінде қоғамның ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін ескеру қажеттігіне назар аударды.

«Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек.

Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргенін атап өтті.

«Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Толық көрсету