Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау бастамасын қолдайды – Президент

24.10.2024 18:56

Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммитінде сөз сөйледі

Таяу Шығыстағы қақтығыстар әлем елдеріне зиянын тигізіп отыр. Әсіресе, бейбіт тұрғындар мен балалар жазықсыз жапа шегуде. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай текетірестерді шешу жолында БРИКС-тің әлеуеті зор дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстан Президенті Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөз сөйлеп, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді.

"Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысындағы дипломатия мен диалог қағидаттары БРИКС-тің негізгі күн тәртібіне айналды. Ол қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері Біріккен ұлттар ұйымының қызметін толықтыра түседі.  

Оқи отырыңыз: Президент БРИКС саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына барды