Қазақстан мен Руанда президенттері Бірлескен мәлімдеме қабылдады

28.05.2025 13:45

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Поль Кагаме БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Поль Кагаме БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Руанда Президенті Поль Кагаме Бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми делегация мүшелері мынадай құжаттармен алмасты:

  • Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Руанда Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасында саяси және дипломатиялық консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Руанда Республикасы Қаржы және экономикалық жоспарлау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Руанда Республикасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновация министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Руанда Республикасы Білім министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Руанда Республикасы Ауыл және мал шаруашылығы министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Самұрық-Қазына» АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім;
  • Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Руанда Республикасы Даму кеңесінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Руанда Республикасы Сауда және индустрия министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Руанда Республикасы Даму кеңесінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Сондай-ақ Қазақстан мен Руанда президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы Президент Поль Кагаменің Қазақстанға ресми сапармен келгеніне ризашылығын білдіріп, елдеріміз үшін мән-маңызы зор келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Африка құрлығының халықаралық ықпалы жылдан жылға күшейіп келеді. Қазақстан осы аймақтағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше мән беріп отыр.

– Біз Руанданы Африкадағы сенімді серіктесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу мазмұнды әрі мағыналы болды. Біз екіжақты ынтымақтастықты күшейту жолдарын талқыладық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік. Екі ел арасындағы саяси диалогты дамытуға уағдаластық. Алдағы уақытта Сыртқы істер министрліктері жоғары деңгейдегі кездесулер өткізетін болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Руанда дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптардан босатуға келіскеніне тоқталды.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары парламентаралық дипломатия мәселесін пысықтағанын жеткізді Сондай-ақ көлік-логистика және сауда салаларында бірлескен жұмыс топтарын құру туралы келісім жасады. Қазақстан Президенті мұны сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытудың тетігі санайды.

– Бұл ретте халықаралық дәліздердің мүмкіндігін талқыладық. Келіссөз барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықтадық. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрлығына тасымалдау жолдарын қарастырдық. Елдеріміз озық технология, жасанды интеллект және ғарыш саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай қадам мемлекеттік қызмет пен бизнестің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Руанда Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді