Қазақстан ҰҚШҰ төрағалығын қырғыз еліне тапсырды

28.11.2024 19:09

Мемлекет басшысының айтуынша, осы жылы алға қойған міндеттердің барлығы орындалған

Қазақстан ҰҚШҰ төрағалығын Қырғыз еліне тапсырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға төрағалық еткен кезеңде атқарылған шаруаларды жіпке тізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы жылы алға қойған міндеттердің барлығы орындалған. Президент Ұйымның Бас хатшысына, тұрақты кеңес пен жұмыс органдарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жеткізді.

"Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ұйымның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бүгін біз Ұйымның оңтүстік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз", – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның ұйымға төрағалығы аясында Ұйым жарғысына сай ынтымақтастық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылған. Халықаралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілген. Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды.

"Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді. Сонымен қатар президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті. Астанада қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған", – деді ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов.

Оқи отырыңыз: ҰҚШҰ ұйымға мүше елдер үшін қауіпсіздік кепілі ретінде қажет екенін көрсетіп отыр – Президент