Қазақстан мен Түрікменстан басшылары қандай құжаттарға қол қойды

10.10.2024 20:55

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын ортақ мақсатқа қол жеткізу, яғни санқырлы мемлекетаралық байланысты мүлдем жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам деп атады.

– Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу бар. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 80 тауар түрі бойынша 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Президент екі елдің іскер топтары арасындағы байланысқа қолдау көрсетудің маңызына тоқталды.

– Маған баяндалған мәліметке сәйкес, шағын және орта бизнес инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетіп отыр. Былтыр Қазақстан компанияларының Түрікменстанға бизнес туры ұйымдастырылды. Осы орайда Қазақ-түрікмен іскерлік кеңесі алаңында кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру аса маңызды. Іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек. Екі елдің ірі коммерциялық және ұлттық компанияларының күш-жігерін өнеркәсіп, құрылыс, логистика, байланыс және экономиканың басқа да салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға жұмылдырған жөн деп санаймын. Бүгін қол қойылатын Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісім бұл үдеріске тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатқанын, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, туысқан түрікмен халқын әйгілі ақын Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Ал Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Президентінің Түрікменстанға сапары екіжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан маңызды деп санайды.

– Қазақстан Президентінің ресми сапары елдеріміз арасындағы тату көршілік пен тығыз әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға, серіктес салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге, перспективті бағыттарды дамытуға оң әсер етеді. Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Осы уақыт ішінде шынайы бауырластық байланыс қалыптасты. Қос мемлекет пен халықтарымызды географиялық орналасуы ғана емес, біртұтас тарихи тағдырластықты сезінуі мен бір-біріне қажет екенін түсінуі біріктіреді. Біз ортақ құндылықтарымызды қастерлейміз, бабалардан мұраға қалған дәстүрімізді құрметтейміз әрі мұқият сақтаймыз, – деді Сердар Бердімұхамедов.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды. Газ саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, өзара сауда мен екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемін жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықты жандандыру мәселелеріне айрықша мән берілді.

Келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдады.

Сонымен қатар екі елдің делегация мүшелері үкіметаралық, ведомствоаралық және өңіраралық деңгейдегі мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетудің 2025 – 2027 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы;

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

4. 1997 жылғы 27 ақпанда жасалған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Түрікменстанның Мәдениет министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

8. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түрікменстанның Министрлер кабинеті жанындағы Бас архив басқармасы арасындағы архив ісі бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

9. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Түрікменстанның Қаржы және экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Түркіменстанның Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

11. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Түрікменстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

12. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түрікменстанның Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігіне қарасты «Түрікменарагатнашык» агенттігі арасындағы цифрлық даму және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

13. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Түркіменстанның Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігіне қарасты «Түркіменховаёллары» агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

14. Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысы әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаяты әкімшілігі арасындағы 2025 жылға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ықпалдастық туралы ынтымақтастық жоспары;

15. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК және Түрікменстанның «TDH» мемлекеттік ақпараттық агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

16. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасындағы газ саласын дамыту бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

17. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Түрікменнебит» мемлекеттік концерні арасындағы Каспий теңізінің түрікмен секторында мұнай сервисі қызметтерін дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

18. «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен «Түрікменпочта» пошта байланысы компаниясы арасындағы халықаралық пошта жөнелтілімдерін жеткізу жөніндегі келісім;

19. «Ақтау теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Теңіз сауда флоты» жабық үлгідегі акционерлік қоғамы арасындағы теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

20. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Түрікменстанға барды