Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында қақтығыстарды тоқтатуға және бейбіт шешімге шақырды
"Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде орта державалардың үні барынша анық естілуге тиіс. Әлем өзгерді, халықаралық ұйым да жаңа жағдайға бейімделуі керек". Бас Ассамблея сессиясының жалпы дебатында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, құрылымды реформалауға қатысты ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоюға кіріскен жөн деді. Әлемнің басты мінберіндегі Президенттің бастамалары туралы Аlmaty TV тілшісі Аршат Әділжанқызы айтып бермек.
Биыл Бас Ассамблея отырысына 200-ге жуық елдің делегаты жиналған. Әлемнің ықпалды саясаткерлері бас қосқан жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін бірлестік реформасынан бастады. Ол ұйым бүгінгі сын-қатерлерге және ертеңгі міндеттерге сай болуы керек. Қазіргі көшбасшылардың әрекетсіздік танытуға құқығы жоқ. Өйткені, оның зардабын келесі ұрпақ тартады деді. Ал өзгеріс Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы тиіс дегенді алға тартты.
«Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар, Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мызғымас жарғысы бар. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһан жарғыға бейіл екенін тағы да растауы керек деді. Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуы тиіс деген Президент, қажет болса бұл құжатты да өзгерту керек екенін жеткізді.
«Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемнің басты мінберінде қарулануды шектейтін шарттар сақталмайтынын да айтты. Былтыр әлем әскерді жарақтандыруға 2,7 триллион долларды жұмсаған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал ядролық қару мәселесі - халықаралық күн тәртібіндегі ең өткір әрі күрделі тақырыптардың бірі. Осы тұста Қазақстан ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдайды. Президент сондай-ақ Украина мен Газадағы жағдайға да тоқталды.
«Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргідей алмағайып кезеңде Қазақстан ізгілікке үндейтін жаһандық бастамаларды қолдай түседі. Оның ішінде араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. «Біздің таңдауымыз: үстемдік емес –тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік» деп сөзін түйді Мемлекет басшысы.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етуіміз қажет»