Италия – еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енетін ірі инвесторларының бірі
2026 жыл «Орталық Азия мен Италияның» мәдени қозғалыс жылы болады. Астанада өткен «Орталық Азия - Италия» бірінші саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиын барысында Президент Қазақстанның нығаюы мен елдер арасындағы достықты бекемдеп, ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты бірқатар бастама көтерді
Іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары және Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони қатысты. Жиналғандар сөз сөйлеп, маңызды мәселелерге тоқталған. Алғаш болып сөз алған Қазақстан Президенті бірқатар ұсыныс білдірді. Нақтыласам, Мемлекет басшысы италиялық компанияларды бірлескен кәсіпорындар құруға, көлік технологияларын дамытуға, сондай-ақ өндіріс пен логистиканы нарыққа бейімдеуге шақырды. Аталған ұсыныстар саммит соңында қабылданатын декларацияда жазылды.
«Италияның заманауи технологияларға ие болуы Орталық Азия елдерінің экономикасын декарбонизациялау үшін белсенді түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстанның жасыл сутегі мен аммиак өндіруге айтарлықтай әлеуеті бар. Аймақтағы жасыл жобаларды қолдау және осы көміртексіз отын түрлерінің халықаралық жеткізу тізбегін құру мақсатында Италияның биоотын бойынша Глобалдық альянсымен тығыз ынтымақтастық орнату ұсынылады, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Астанаға алғаш рет ресми сапармен келген Джорджа Мелони Италия Қазақстанды стратегиялық серіктес, ал Орталық Азия өңірін стратегиялық тұрғыдан маңызды тоғыз жолдың торабы ретінде қарастыратынын айтты. Сондықтан тараптар арасындағы диалог маңызды. Италия министрлер кеңесінің төрағасы Орталық Азияны Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бекеті дейді.
Италия – еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енетін ірі инвесторларының бірі. Мәселен, былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жеткен. Ал кейінгі жиырма жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйған. Бүгінде қазақ даласында 270-ке жуық италия компаниясы жұмыс істейді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы да Қазақстан Италияға мұнай экспортын арттыруға дайын екенін жеткізді.
«Сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдер арасындағы тауар айналымына елеулі серпін бере алар еді. Осы орайда Алматыда италиялық сауда үйін құруды ұсынымын. Сонымен қатар іскер азаматтар арасындағы ынтымақтастықты жандандыру үшін B5+Италия диалог платформасын іске қосқан жөн. Мұндай форматтағы алғашқы кездесуді Қазақстанда өткізуге болады. Сонымен қатар италиялық әріптестерімізді осы бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерімен танысуға шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барғанда президент Серджо Маттарелламен кездесіп, Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылаған. Бүгінгі жиында сөз алған әр елдің басшысы да мемлекеттер арасындағы серіктестікті одан әрі жандандыра түсу керек десті.
Оқи отырыңыз: 2026 жыл «Орталық Азия мен Италияның» мәдени қозғалыс жылы болады