Мемлекет басшысы Грузия Премьер-министрін қарсы алды

29.06.2026 15:59

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзені Тәуелсіздік сарайында қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Осы сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Бұдан кейін мәртебелі мейманның ресми сапарына орай сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшысы мен Грузия Премьер-министріне сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін шағын құрамдағы келіссөз басталды.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Венесуэла Президентінің міндетін атқарушысына көңіл айтты