Мемлекет басшысы Кения президентіне І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды

20.05.2026 14:41

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын дамытуда Уильям Рутоның күш-жігері ерекше маңызға ие екенін айтты

Ақорда

Мемлекет басшысы Кения Президенті Уильям Рутоға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан-Кения қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге, оны жаңа деңгейге шығаруға берік негіз қалағанын айтты.  

– Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие. Сізді Қазақстанда сенімді дос және халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларыңыз құрметке лайық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Кения Президентінің Африкадағы бірлікті сақтауға, әлемдік қоғамдастықпен мазмұнды серіктестікті дамытуға ықпал ететін сындарлы диалогқа бейіл екенін атап өтті.  

– Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Уильям Руто жоғары наградамен марапаттағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

– Мен бірлік, өзара құрмет пен ынтымақты бейнелейтін аталған орденмен марапатталғаныма қуаныштымын. Кения жұрты да Қазақстан халқы сияқты үйлесімді өркендеуге ұмтылады. Бұл елдеріміздің достық рухындағы серіктестігін одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенемін, – деді Кения Президенті.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Кения арасында жаңа серіктестік мүмкіндіктері қаралды