Мемлекет басшысы Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) президентін қабылдады

25.08.2026 15:43

Кездесуде бұқаралық және кәсіпқой баскетболды ілгерілетуге, спорттық резерв даярлауға, бірлескен жобаларды іске асыруға айрықша назар аударылды

Ақорда

Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық баскетбол федерациясының президенті Сауд Али Әл-Тәнимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әңгімелесу барысында Президент FIBA-ның отандық баскетболға көрсеткен қолдауын жоғары бағалап, Сауд Али Әл-Тәниге Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясының отырысына қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы биыл отандық баскетбол тарихына 100 жыл толып отырғанын, осы орайда, балалар мен жастардың ықыласы ауған баскетбол танымал спорт түрлерінің қатарына енгенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстаннан халықаралық деңгейде, соның ішінде әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен көрнекті баскетболшылар шыққанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде келешегі зор бағыт ретінде 3×3 форматындағы баскетболға қызығушылық арта бастағанына тоқталды.

Кездесуде бұқаралық және кәсіпқой баскетболды ілгерілетуге, спорттық резерв даярлауға, бірлескен жобаларды іске асыруға айрықша назар аударылды.  

Федерация президенті Мемлекет басшысына елімізде аталған спорт түріне қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Ұйымның баскетболды одан әрі дәріптеуге бағытталған жоспарымен бөлісті.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы ақын, Қазақстанның халық жазушысы Марфуға Айтхожаға құттықтау жеделхатын жолдады

Толық көрсету