Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйледі

20.01.2026 13:00

Президент Қызылорда облысының соңғы жылдардағы жетістіктерін атады

Ақорда

Бүгін Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші жиыны өтіп жатыр, - деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, құрылтай аясында пайдалы пікір алмасулар болды.

«Жаңа ғана сөз сөйлеген құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты. Барлығы еліміздің дамуына қажетті болатынына сенемін», — деді мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, құрылтайдың алғашқы отырыстары Ұлытауда, Түркістанда, Атырауда және Көкшетауда өткен.

«Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. „Сыр – Алаштың анасы“ деген аталы сөз бар», — деді Президент.

Сыр бойының тарихи және мәдени мәні де ерекше. Мемлекет басшысы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент қалаларының қазақ жерінде ежелден дамыған қала өркениетін көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ, аймақтың жыраулық, күйшілік және еңбек адамдарының дәстүрлерін дәріптеді.

Экономикалық дамуға тоқталған президент Қызылорда облысының соңғы жылдардағы жетістіктерін атады.

«Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды», — деп жалғады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, аймақта жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын, тұрғындардың сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін, халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланып жатқанын атап өтті.

«Елді-мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді», — деді Президент.

Транспорт инфрақұрылымына да назар аударылды. Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы ашылған, Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өткен, 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталған.

«Бұл облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі», — деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, президент Қызылорда қаласының тарихи мән-маңызын ерекше атап өтті.

«Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды», - деп атап өтті Президент.

Оқи отырыңыз: Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысы басталды