Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді - Мемлекет басшысы

14.10.2025 13:58

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді

Ақорда

«Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді». Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысына қатысқан Мемлекет басшысы осылай деді. Президент бұл өзгерістің еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе екенін атап өтіп, жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенетінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Президент бұл шаруаға тыңғылықты дайындық керек екенін тілге тиек етіп, алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірін білдірді.

 «Бүгін Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысына жиналдық. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс. Жолдауымда бұл мәселе азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақты айттым», – деді ҚP Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек» деді. Бұл өзгеріс «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келетінін айтып, мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым екенін нақтылады.

«Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды. Осылайша, азаматтарымыздың мүддесі мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Алдағы уақытта e-Parlament сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін - Президент