Президент биоалуантүрлілікті сақтау шараларының нәтижесін атады

22.04.2026 13:59

Мемлекет басшысы орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналғанын баса айтты

Almaty.tv

Қазақстан барлық серіктесін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады. Бұл туралы Өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың бааспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік", - деді Президент.

Мемлекет басшысы орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналғанын баса айтты.

"Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық. Қазақстан барлық серіктесін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады. Мемлекетаралық ынтымақтастық алаңында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, экожүйелерді қорғаудың тиімді шешімдері әзірленеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Президент: Арал мәселесі салғырттықтың қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады