Президент: БҰҰ Жарғысы тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес

22.04.2026 14:19

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс екенін айтты

Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық құқық пен БҰҰ рөліне қатысты маңызды ой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың бааспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент қазіргі әлем тұрақсыз әрі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, мұның салдары өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, сондай-ақ миллиондаған адамның өмір сапасына тікелей әсер етіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, осы себепті даму мен экологияға бағытталуы тиіс ресурстар да жиі босқа кетіп жатыр.

"Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады. Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады.

Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді. Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс", - деп атап өтті Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар қазіргі заманның күрделі әрі жылдам өзгеріп жатқан шынайылығын ескеруі керек екенін айтты.

Оның пікірінше, халықаралық институттарға деген сенімді әлсіретпеу маңызды, алайда олардың кейбір жаһандық мәселелерді шешудегі ықпалы жеткіліксіз болып отырғаны да алаңдатады.

"БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн.

Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет.

Сонымен қатар көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті", - деді ол.

Оқи отырыңыз: Президент: Арал мәселесі салғырттықтың қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады