Абий Ахмед Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады
Президент Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Абий Ахмед кездесуде екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын, атап айтқанда, саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселелерін талқылады.
– Сіздің еліңізге зор құрметпен қараймыз. Аддис-Абебадағы тұрақты түрде қызмет ететін елшілігіміз Қазақстанның Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Африка Одағында байқаушы ел ретінде танылған. Сондықтан біздің Африкаға деген қызығушылығымыз айқын әрі орнықты сипатқа ие. Әсіресе, Эфиопияға көзқарасымыз ерекше. Елдеріңізбен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту арқылы іскерлік серіктестікті жандандыруға мол мүмкіндік бар. Әңгімелесу барысында тараптар бір-бірінің сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетімен танысу, Қазақстанда Эфиопиядан шай, кофе, сондай-ақ гүл өнімдерін жеткізуге арналған хаб құру перспективасын зерделеу үшін екі елдің делегацияларын жіберуге уағдаласты.
Абий Ахмед Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады.
Сонымен қатар екі ел арасындағы өзара түсіністік пен конструктивті ықпалдастық деңгейі жоғары екеніне тоқталды.
– Эфиопия да халықтың әл-ауқатын жақсартып, мемлекеттің институционалдық әлеуетін күшейтуді көздейді. Осы орайда, Қазақстан сияқты достас елдердің озық тәжірибесіне сүйенеміз. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстанның Эфиопияда елшілігі бар. Біз де Қазақстанда елшілігімізді ашу мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұл байланыстың нығаюына ықпал етері сөзсіз, – деді Эфиопия Үкіметінің басшысы.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Эфиопия Премьер-министрін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Оқи отырыңыз: Президент: Отбасы — ұлттың бірегей болмысын айқындайтын маңызды институт