Президент Францияның ірі энергетикалық компаниясының басшысын қабылдады

23.04.2026 16:36

Екі тарап ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Electricité de France компаниясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Бернар Фонтананы қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен EDF арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы талқыланды. Компания төмен көміртекті және атом энергетикасы саласы бойынша әлемдегі жетекші ұйым саналады.

Президент бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтіп, еліміз француз компаниясымен өзара ықпалдастықты нығайтуға ерекше мән беретініне тоқталды.

EDF басқарма төрағасының айтуынша, компания орнықты және заманауи энергетикалық инфрақұрылым бойынша байланыстарды одан әрі жандандыруға ниетті.

"Президент Қазақстан халықаралық серіктестермен, соның ішінде EDF компаниясымен ашық және тең дәрежелі қағидаттарға сай тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін растады", - делінген хабарламада.

Кездесуде уран жеткізу бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасымен кездесті