Қасым-Жомарт Тоқаев пен Groupe ADP компаниясы басшысының кездесуінде Алматы әуежайын дамытудың ұзақмерзімді перспективасына баса назар аударылды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент әуе хабтарын дамыту көлік-логистика саласындағы стратегиялық басымдықтардың бірі саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның жаңа халықаралық терминал салу секілді бірқатар маңызды жобаны тиімді жүзеге асырғанына тоқталды. Бұл инфрақұрылымның жаңаруына және жолаушылар санының жылына 14 миллионға дейін артуына мүмкіндік берді.
Филипп Паскаль Алматы әуежайын дамытуға арналған ұзақмерзімді бас жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берді. 2050 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру әуежайдың өткізу қабілетін жылына 55 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға жол ашады.
Сондай-ақ кездесуде өңірлердегі әуежайларды өркендету бойынша жаңа бірлескен жобаларды ілгерілету перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Брюссельге сапары аясында қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісім саланы дамытудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Испанияның Inditex Group компаниясы бас директорының орынбасары – сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Мартинес-Лахе Собредомен ынтымақтастық перспективасын талқылады.
Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастық қазақ-испан қарым-қатынасының негізгі тіректерінің бірі болып қала беретінін, ал Қазақстанда барлығы 60-қа жуық испандық компания жұмыс істейтінін айтты.
Президент әлемдегі жетекші ритейлер санатына енетін Inditex тобының еліміздегі қызметін кеңейту және Қазақстанды Орталық Азияның басты көлік-логистика торабына айналдыру жөніндегі жоспарын құптады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы компанияның уақыт өте келе елімізде логистика аясынан шығып, тоқыма саласында қуатты өндіріс орнын құра алатынына сенімді екенін жеткізді.
Сантьяго Мартинес-Лахе Собредо Қазақстанда кәсіпкерлік пен инвестицияға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бизнесті өркендету жоспарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы Mediterranean Shipping Company аға вице-президенті Эдуард Зигристті қабылдады.
Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Жүк айналымын арттыруға айтарлықтай септігін тигізетін контейнерлеу деңгейін ұлғайтуға ерекше назар аударылды.
Президент контейнерлік тасымалдау бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі саналатын компанияның Қазақстан нарығындағы қызметіне жоғары баға беріп, бүгінде Орта дәлізді дамыту еліміз үшін стратегиялық басымдық саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эдуард Зигристке Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейту бағытындағы нақты шаралар туралы мәлімет берді.
Атап айтқанда, Әзербайжан және Грузия елдерімен бірге бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірлесіп теңіз табанын тереңдету, сондай-ақ Құрық портын жаңғырту секілді негізгі инфрақұрылым жобалары қолға алынды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылығын құптап, мұндай жобалар аталған бағыттың бәсекеге қабілеттігін елеулі түрде арттыратынын, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсіміне ықпал ететінін айтты.
MSC аға вице-президенті Мемлекет басшысына компанияның ұзақмерзімді инвестициялық жоспары туралы баяндады. Оның аясында логистикалық терминалдарға, темір жол активтеріне, порт инфрақұрылымына және теңіз қызметтеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы әуе арқылы жүк тасымалына қаржы құю қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Президент Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен кездесті