Қытайдың ең ірі басылымы China Daily-ге Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды
Бүгін Қытайдың ағылшын тілді танымал Сhina Daily газетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Strong Kazakh-Sino ties key to successful cooperation» («Қазақстан мен Қытайдың берік қарым-қатынасы – табысты ынтымақтастық кепілі») атты мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мақалада Қазақстан мен ҚХР арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуетін нығайту тақырыптары қозғалған.
Айта кетсек, газеттің дүниежүзілік таралымы – 700 000 дана. Басылымның газет, онлайн және мобильді нұсқаларын әлем бойынша 350 миллионнан астам адам оқиды.

Мақаланың ықшамдалған аудармасы:
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы – табысты серіктестіктің кепілі
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, 2025 жылғы 30 тамыз
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік пен достық дәстүрлеріне негізделген. Бүгінде бұл байланыс жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп, мемлекетаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналып отыр.
Қазақстан үшін Қытай – тек көрші ғана емес, ең сенімді әрі ірі экономикалық әріптестердің бірі. Бізді 1 700 шақырымнан астам құрлық шекарасы байланыстырады. Бұл – өзара сенім мен сыйластыққа, жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогқа негізделген, қатаң сақталатын бейбіт шекара.
Қытайдың қарқынды дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы және «ортақ өркендеу» қағидаты Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашып отыр.
Сауда және инвестиция
Өткен жылы екіжақты сауда айналымы тарихтағы ең жоғары көрсеткішке – 44 миллиард АҚШ долларына жетті. Қытай бүгінде Қазақстанның басты сауда серіктесі болып отыр.
2005 жылдан бері Қытай компаниялары Қазақстанға 27 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция салды. Қазіргі таңда елімізде шамамен 6 мың қытайлық кәсіпорын жұмыс істеп, өнеркәсіптік қуаттарды жаңғыртуға, жаңа технологиялар енгізуге және инфрақұрылымды дамытуға үлес қосып келеді.
Көлік-логистика және транзит
Қазақстан мен Қытайды ежелден Жібек жолы байланыстырған. 2013 жылы дәл Астанада Қытай Төрағасы Си Цзиньпин «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын жариялаған еді. Содан бері Қазақстан осы бастаманың басты тіректерінің біріне айналды.
Транс-Каспий халықаралық көлік дәлізі (Орта дәліз) бүгінде Қытайдан Еуропаға дейінгі ең қысқа әрі сенімді бағыт ретінде қалыптасып отыр. 2024 жылы Достық–Мойынты теміржол желісі іске қосылып, транзиттік әлеует бес есеге артты. Сонымен қатар, Сиань қаласында Қазақстан-Қытай бірлескен сауда-логистика орталығы ашылды.
Каспий теңізіндегі Ақтау портында да маңызды жоба жүзеге асуда: Қазақстан мен Қытайдың Ляньюньган порты бірлесіп контейнерлік терминал құруда. Бұл бүкіл Орталық Азия мен Каспий өңіріне теңіз-құрлық тасымалдарын толық қамтуға жол ашады.
Энергетика және өнеркәсіп
Энергетикалық ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Қазақстан мен Қытай мұнай-газ құбырларын кеңейту, қайта өңдеу және мұнай-химия өндірістерін дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Бұл жобалар екі елдің де энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосуда.
Ауыл шаруашылығы
Ауылшаруашылық саласындағы байланыстарымыз серпінді дамуда. 2024 жылы Қазақстаннан Қытайға экспортталатын агроөнім көлемі 10 пайызға артты. Қытайлық инвесторлар елімізде дәнді дақылдар, көкөніс, жүгері және мақта өндірісін дамытуға белсенді қатысып келеді.
Мәдениет және туризм
Мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар да жаңа белеске көтерілді. 2024 жыл Қытайда «Қазақстан туризм жылы» ретінде аталып өтсе, 2025 жылы Қазақстанда «Қытай туризм жылы» өтіп жатыр. Бұл шаралар туризмнің дамуына, халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға зор серпін беруде.
Халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан мен Қытай – Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушылар. Бүгінгі таңда ұйым өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық ықпалдастықты тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту ісінде маңызды рөл атқарып отыр.
Алдағы күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін ШЫҰ саммиті ұйымның болашақ дамуына серпін беретін маңызды оқиға болмақ.
Ортақ жол және болашақ
Президент Си Цзиньпин айтқандай, «Қазақстан мен Қытай – модернизация жолындағы серіктестер». Шынында да, біздің елдеріміз ортақ көзқарастарға, үйлесімді ұстанымдарға және сенімді ынтымақтастыққа сүйене отырып, кез келген қиындықты еңсеріп келеді.
Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі – екі ел халқы үшін нақты пайда әкелетін, бүкіл өңірдің және жаһандық ынтымақтастықтың игілігіне қызмет ететін мәңгілік достықтың кепілі.
Оқи отырыңыз: Конституциямыз Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің берік тұғырына айналды - Президент